ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ЖОО СТУДЕНТТЕРІ BOLASHAK GROUP КОМПАНИЯСЫНДА
Сафи Өтебаев университетінің жазғы индустриялық бағдарламасы аясында Bolashak Group Қазақстан мен Қытай студенттеріне арналған бірқатар танымдық іс-шаралар ұйымдастырды.
Бағдарламаның негізгі бөлігінің бірі «Z буынының қарқынды өзгеріп жатқан еңбек нарығына қалай бейімделуі керек?» тақырыбындағы шеберлік сабағы болды. Мамандарды іріктеу бөлімінің басшысы Светлана Жалковская қазіргі жұмыс берушілер ең алдымен қандай құзыреттерге назар аударатынын, икемді дағдыларды дамытудың маңызын және жас мамандардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін қалай арттыруға болатыны жайлы талқылады.
Бағдарламаға SEFtec Global Training оқу орталығы да қатысты. Нұсқаушының жетекшілігімен қатысушылар алғашқы медициналық көмектің негізгі қағидаларымен танысып, оқу манекенінде жүрек-өкпе реанимациясының алгоритмін тәжірибе жүзінде орындады.
Креативті және сыни ойлауды дамыту мақсатында интерактивті ойын ұйымдастырылды. Оның барысында студенттер сұхбаттасу кезінде өздерін сенімді таныстыруды, мықты тұстарын дәлелдеуді және командамен тиімді жұмыс істеуді үйренді.
Іс-шара соңында қатысушыларға сертификаттар мен компания атынан естелік сыйлықтары табысталды.
Bolashak Group үшін мұндай кездесулер халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған үлес деп білеміз.
Тағы жаңалықтар
